Әлеуметтік жауапкершілік бизнес үшін қажеттілік төлеміне айналмауы тиіс ? БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бизнес үшін қажеттілік төлеміне айналмуы тиіс.

Бүгін елордада «Қазақстанның мұнай-газ саласының әлеуметтік инвестициялары» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел барысында БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Хаолянь Шу осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі күні әлеуметтік жауапкершілік мәселесі БҰҰ Даму бағдарламасындағы аса өзекті тақырыпқа айналып отыр. Өйткені, қоғам дамуындағы негізгі 4 әлеуметтік сала бойынша ғаламдық қақтығыстар орын алып отыратыны белгілі. Бұл бағыттағы басты қағидат адам құқықтарына, еңбек қатынастары мен жағдайына, қоршаған ортаға қатысты туындайды. Осы тұрғыдан алғанда БҰҰ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселесін жалпы қоғамның мүддесі тұрғысынан қарастырады және компаниялардың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне ұдайы қолдау білдіріп келеді», деді Хаолянь Шу. Оның айтуынша, бүгінгі күні бірқатар ірі компаниялар ғаламдық келісімшарт желілерін құрап, өздерінің әлеуметтік жауапкершілік әрекеттері туралы баспасөзде тұрақты жариялап келеді. Қазақстандағы біршама компаниялар да бұндай ғаламдық бастамаларға қосылған. «Дегенмен де, әлеуметтік жауапкершілік туралы түрлі түсініктер орын алып отыр. Біздің байқауымызша кейінгі кездері компаниялар тарапынан жасалатын қайырымдылық шараларын корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан қарастыру орын алып келеді. Шындығында, қайырымдылық шарасы мен әлеуметтік жауапкершілік мәселесі бөлек дүние. Сондықтан да, Үкіметті, бизнес қауымдастығын, азаматтық қоғамды қамтитын барлық мүдделі тарап әлеуметтік жауапкершілік мәселесінде ортақ түсінікке келуі тиіс. Сонымен бірге, бүгінгі күні корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік компаниялар қызметінің ажырамас міндеті болуы тиіс деген де көзқарастар баршылық. Жалпы, біз бұндай ұстанымды қолдамаймыз. Өйткені, әлеуметтік жауапкершілік бизнес үшін қажеттілік төлемі болмауы тиіс және заң нормалары арқылы бизнес қауымдастығын жауапкершілікке мәжбүрлеуге болмайды», деді БҰҰ өкілі.