Әлеуметтік жеке кодтың дубликатын eGov порталынан алуға болады

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Электрондық үкіметтің порталына кіріп Әлеуметтік жеке кодтың (СИК) берілгені туралы куәліктің дубликатын тегін алуға болады,

деп хабарлады Байланыс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Егер ӘЖК куәлігі жоғалған жағдайда, Қазақстан азаматтары тұрғылықты мекен-жайы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығына хабарласуы керек. Бұл жағдайда дубликатты жоғалтқаны үшін екінші деңгейдегі банктерге немесе «Қазпочта»АҚ-на барып, 165 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеу қажет. Бұдан соң, жеке куәлігіңіз бен түбіртекті алып Халыққа қызмет көрсету орталығына қайта келесіз.

«Осының барлығына Сіз 1күннен 3 күнге дейін уақытыңызды жұмсайсыз. Бірақ, бұдан былай аталған қызмет көрсету автоматтандырылғаннан кейін, бұл анықтаманы Электрондық үкіметтің порталынан алуға бар жоғы 2 минут уақыт жеткілікті болады», деп атап көрсетіледі хабарламада.

Ол үшін электрондық сандық қолтаңба алып, Электрондық үкіметтің веб порталына тіркелуіңіз керек. Сұраным өңделгеннен кейін, қажетті анықтаманы алуыңызға болады. Мысалы, жұмысқа орналасу, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығынан жәрдемақы алу кезінде қажет болады. 2003 жылдың 7 қаңтарындағы «Электрондық құжат пен электрондық сандық қолтаңба туралы» ҚР Заңының 1 бабының 7 тармағына сәйкес, электрондық сандық қолтаңбамен куәландырылған құжат қағаз тасығыштағы нұсқадағыдай заңды күшке ие болып есептеледі.

Қазіргі күні ең көп сұранысқа ие е-қызметтері қатарында: Жеке тұлғаның жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтары туралы; жеке тұлғаның жылжымайтын мүлігі жоқтығы (бар болуы) туралы; салымшының қаражатының түскендігі және қозғалысы туралы ақпаратты беру анықтамалары.