ОРАЛ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде арандатушылық пікір білдірген Орал қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, Максим Яковченко әлеуметтік желіде арандатушылық бағыттағы жазбасын жариялаған. Бұл пікір қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Аталған тұрғын Қазақстанның бірнеше қаласын Ресейге беру керектігін жазған. Сонысымен ұлтаралық араздықты туғызуға себепкер болған.
«Осы дерек бойынша БҚО полиция департаменті ҚР ҚК 174-бабына (ұлтаралық алауыздықты қоздыру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полиция департаменті барлық әлеуметтік желі қолданушыларына мұндай арандатушылыққа ермеуге, жағдайды ушықтыруға септеспеуге шақырады. Сонымен қатар мұндай арандатушылық пікірдің қылмыстық жазалауға соқтыратынын еске салады. Барлық азаматтар бір-біріне құрметпен қарап, сыйластықты сақтай білгені жөн», деді Б.Нұрғожин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал ауруханасында егізді дүниеге әкелген келіншектің көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).