Әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі күшейеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себебін анықтап, оны жоюды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл жерде негізгі мәселе - мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру керек. Сондықтан, Қаржы министрлігіне орталықтандырылған қызмет принципіне сүйене отырып, бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырамын»,-деді Сағынтаев.

Үкімет басшысы сондай-ақ, квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу жүйесінің ережелерін қайта қарауды ұсынды. Ал, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін күшейтуді тапсырды.

«Дәурен Әскербекұлы (Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев) Сізге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін интернетте және әлеуметтік желіде тарату ісін қолға алу керек»,-деді Премьер-министр.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауына қатысты болды.