«Ақпарат құралдарына келетін болсақ, Елбасының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері қазақ әліпбиін реформалау туралы екі мыңға жуық сараптамалық мақалалар мен пайымдаулар жарық көрді. Әлеуметтік желілерде 1800-ден астам мазмұнды жазбалар шықты. Осының барлығы - әрдайым біздің назарымызда», - деді Ерден Қажыбек.
Ұлттық комиссияның жұмыс тобының бастамасымен 20-дан астам ғылыми-ұйымдастыру және ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар өтіп, оларға екі айда 2,5 мыңнан астам ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан.
«Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асырылуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шетелден, ауылдан да, қаладан да, халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен зейнеткерлер, жастар мен сырттағы отандастарымыз - бәрі де өз үлестерін қосуға тырысуда», - деді лингвист ғалым.
Оның айтуынша, жобалар сұрыпталып «интернет, IT» «түркілік», «қазақ филологиялық», «ағылшын-еуропалық», «UNICODE», «кирил-латын», «құрама», «әуесқой» деп топтарға бөлінген.
«Мәселен, белгілі отандасымыз, тілші профессор, Қытай азаматы Мұрат Сұлтаншәріпұлы, Ресейлік отандасымыз, мәскеулік, танымал алтаист-түрколог Эрколи Азербаев, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтан, көптеген шетелдік ғалымдар - Еуропа мен АҚШ-тан, Түркия мен Кореядан, өңірлерден - ұсыныстар, хаттар, жобалар келіп жатыр», - деді Ерден Қажыбек.