Әлеуметтік желілерде #Zhenis70 онлайн фотоакциясы жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында #Zhenis70 онлайн фотоакциясын жариялады, деп хабарлайды аталмыш қозғалыстың баспасөз қызметінен.

Қозғалыс белсенділері республикалық акция арқылы соғыс жылдарындағы Қазақстан халқының ерлігіне тағзым етіп, майданда және тылда жанкештілік көрсеткен ардагерлерге деген сыйластық сезімін білдіріп, өскелең ұрпақ бойында еліміздің бейбіт өмірі үшін азаматтық жауапкершілігін нығайтуды көздеп отыр.

«Соғыс мыңдаған отбасылардың өмірін ойсыратып кетті. Еліміздің әрбір шаңырағы, әрбір көшесі соғыс тарихынан сыр шертеді десек артық айтқандық емес. Кей ардагерлер майданда қан кешсе, кейбірі тылда тынымсыз еңбек етіп, жеңіс күнін жақындатып, ерлік көрсетті. Соғыс тарихы айналамызда, біз де соның бір бөлігіміз. Ендеше барлығыңыздан соғыс жылдарындағы зұлмат уақыттан сыр шертетін көне суреттерді жариялауыңызды сұраймыз. Олар міндетті түрде ардагерлердің суреттері болуы шарт емес. Сол заманның тынысын бейнелейтін кез-келген сурет болса болғаны», - дейді «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиадиректоры Қанат Әуесбай. Суреттерді қатысушының Инстаграмдағы жеке профайлында немесе түрлі топтарда #Zhenis70 тэгімен бірге жариялау шарт. Суреттер 2015 жылдың 9 мамырына дейін жариялануы қажет. Нәтижесінде ең көп лайк жинаған фотосуретті жариялаушы Iphone 6 телефонын жеңіп алады.

Фотосуреттерді Инстаграмнан өзге де желілерде жариялай беруге болады.

Алайда акция қорытындысы бойынша тек Инстаграм желісінде #Zhenis70 тэгімен жарияланып, ең көп лайк жинаған фотосурет қана жеңімпаз болады.