Әлеуметтік жетімдік тек мемлекеттің ғана емес, жалпы азаматтық қоғамның проблемасы ? Ж. Түймебаев

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлеуметтік жетімдік тек мемлекеттің ғана емес, азаматтық қоғамның да проблемасы. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан балалары» бағдарламасының жүзеге асуы тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, бүгінгі күні ең өткір проблеманың бірі - әлеуметтік жетімдік болып отыр. Мәселен, елімізде ата-аналары тірі бола тұра, жетім атанғандар саны 35 мың балаға жеткен. Олардың басым бөлігі ата-анасы бас тартқан, тастанды болса енді бірінің ата-аналары қамауға алынған, хабарсыз кеткен немесе ата-аналық құқығынан айырылғандар болып табылады. «Әлеуметтік жетімдіктің алдын алуда отбасы және балалар жайсыздығын ерте анықтау басты міндеттердің бірі деп ойлаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін мектеп штатына 2,5 мыңнан астам әлеуметтік педагогтар енгізілді. Ағымдағы жылдан бастап аудандық және қалалық білім бөлімдеріне 358 қамқоршылық орган мамандарын тарттық. Олардың басты қызметі жайсыз отбасылар мен тағдырдың қиын жағдайына тап болған балаларды анықтау болып табылады. Жалпы алғанда, әлеуметтік жетімдік тек мемлекеттің ғана емес, азаматтық қоғамның да проблемасы. Сондықтан да, министрлік 20-дан астам үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, «қауіпті топтағы» отбасыларға көмек көрсетуде. Сонымен бірге, отбасы жайсыздығын ерте анықтау жұмысын белсендіре түсу үшін ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп Отбасын қолдау қорын құрдық. Болашақта мемлекеттік тапсырыс арқылы осындай қызметтерді дамыта түсетін боламыз», деді Ж. Түймебаев. Оның айтуынша, әлеуметтік жетімдік мәселесін шешудегі негізгі міндет ? жетім балаларды отбасыларға орналастырудың балама түрлерін кеңінен пайдалануға қатысты болмақ. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары да қолға алынған.