Әлеуметтік-еңбек саласында 18 мыңнан астам өтінішті ЖИ негізіндегі чат-бот өңдеді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Enbek» цифрлық экожүйесі аясында әлеуметтік-еңбек саласы бойынша байланыс орталығы жұмыс істейді.
Осы жылдың сәуір айында азаматтармен кері байланысты жеделдету және операторларға түсетін жүктемені азайту мақсатында интеллектуалды чат-бот іске қосылды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жасанды интеллект 18,7 мың өтінішті өңдеген.
Интеллектуалды чат-бот азаматтар мен байланыс орталығы арасындағы бастапқы өзара әрекетті автоматтандыруға арналған. Ол пайдаланушыларға анықтамалық ақпарат береді, жиі қойылатын сұрақтар бойынша кеңес береді, сондай-ақ қажет болған жағдайда өтініштерді тиісті бөлімдерге жолдайды.
Чат-бот бірыңғай кіру нүктесі ретінде қызмет етіп, мына мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпаратты жедел ұсыну;
цифрлық платформаларда бағдар алуға көмек көрсету.
Жүйеге типтік өтініштерге автоматты түрде жауап беруге мүмкіндік беретін білім қоры жүктелген. Чат-бот қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді.
- Жаңа технологияны енгізу сұраныстарды өңдеу жылдамдығын арттыруға, операторлар жүктемесін азайтуға және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға жол ашты. Қазіргі таңда мәтіндік және дауыс арқылы берілген өтініштерді қоса алғанда, барлық өтініштердің 96%-ға дейінгі бөлігі жасанды интеллект арқылы автоматты түрде өңделуде, - деп жазды ведомстводан.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыруды жеделдетуді және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырған болатын.
Айта кетейік, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.