Әлеуметтік кәсіпкерлік гранты кімдерге беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік гранттар бөлінеді. Гранттар байқауы биыл қазанда өтеді.
Бұл туралы Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров мәлім етті.
— Гранттар «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 754 қаулысына сәйкес өтеусіз негізде беріледі. Негізгі шарттары грант сомасының кемінде 20%-ын кәсіпкер өзі қаржыландыруы тиіс, міндетті түрде жұмыс орнын құрып, еңбек порталына тіркеу қажет, сондай-ақ инфрақұрылымның болуы талап етіледі. Осы орайда, грант байқауына қатысу үшін әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енуі қажет. Қаржылық қолдау шаралары аясында әлеуметтік кәсіпкерлердің реестрі жүргізіледі, — деді Қуаныш Сапаров Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әлеуметтік кәсіпкерлердің тізілімін жүргізу қағидасы 4 санатқа бөлінген:
— 1 санат — халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлер (кемінде 2 адам, қызметкерлердің жалпы санының 50% кем болмауы тиіс). Халықтың әлеуметтік осал тобы санатына келесідей азаматтар жатады, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана, көпбалалы отбасы өкілдері, зейнеткерлер мен зейнет алды жастағы азаматтар, 16 мен 23 жас аралығындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері, қандастар.
— 2 санат — халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын азаматтар өндіретін тауарларды, орындайтын жұмысты, көрсететін қызметті өткізуді қамтамасыз ететін әлеуметтік кәсіпкерлер.
— 3 санат — физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап тауар өндірумен, жұмыс атқарумен, қызмет көрсетумен айналысатын әлеуметтік кәсіпкерлер. Бұл қызмет түрі олардың өмір сүру шектеулерін еңсеруге жағдай жасауға бағытталған (әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық қызмет, оңалту және әлеуметтік бейімдеу).
— 4 санат — әлеуметтік салада жұмыс істейтін әлеуметтік кәсіпкерлер (психологиялық-педагогикалық қызмет, балалардың демалысы мен сауықтыру ұйымдастыру, жалпы білім беру, мәдени-ағартушылық қызмет, қоршаған ортаны қорғау).
— Былтыр маусымдағы жағдай бойынша әлеуметтік кәсіпкерлердің тізіліміне республика бойынша 1094 кәсіпкердің ішінен 215 кәсіпкер енгізілген, оның ішінде 1 санат бойынша — 13 кәсіпкер, 2 санат — 1, 3 санат — 40, 4 санат — 161 кәсіпкер бар. Аталған тізімге енген кәсіпкерлер мемлекеттік гранттар алу конкурсына және «Даму» қоры арқылы 11,3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатыса алады, — деп қорытындылады басқарма басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, өтінім әр тоқсан сайын айдың 1-інен 15-іне дейін офлайн форматта Бейбітшілік көшесі, 11 үй, 113-кабинет мекенжайда қабылданады.
Кәсіпкерлікті қолдау бойынша толық ақпаратты Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасынан келесі телефон нөмірлері арқылы алуға болады: 55-69-10, 55-01-81, 55-69-21.
Айта кетейік, биыл шілдеде бизнес субсидияны кепілдендірудің жаңа тетіктері күшіне енеді.
Бүгінде Астанада шағын және орта бизнес субъектілері 8,3 пайызға көбейді. Елордада өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 15,8 трлн теңгеге тауар өндіріп, қызмет көрсеткен.