Әлеуметтік қызметкерлер аутизмі бар балалардың отбасыларымен қалай жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша мамандарға арналған практикалық әдістемелік нұсқаулық әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Фото: Kazinform / ЖИ

Нұсқаулықты министрліктің Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы әзірлеуде. Ол отбасылармен күнделікті жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлерге арналған практикалық құрал болмақ.

Министрлік мәліметінше, аутизм спектрінің бұзылысы адамның қарым-қатынас жасауына, әлеуметтік ортадағы әрекетіне, мінез-құлқына және қоршаған ортаны қабылдауына әсер етуі мүмкін. АСБ бар әр баланың ерекшелігі, қабілеті және қолдауға деген қажеттілігі әртүрлі болғандықтан, әлеуметтік жұмыста бала мен оның отбасына жеке көзқарас қажет.

Жаңа нұсқаулықта әр отбасының жағдайы мен сұранысын ескере отырып, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға арналған алгоритмдер мен ұсынымдар қамтылады.

– Негізгі қағидалардың бірі – отбасымен серіктестік орнату. Баланың ерекшелігін, оның қарым-қатынас жасау тәсілдерін, күнделікті қажеттіліктерін және қандай қиындықтарға тап болатынын ата-анасы мен жақындары жақсы біледі. Сол себепті маман отбасының тәжірибесі, мүмкіндіктері мен қолда бар ресурстарына сүйене отырып, алдағы қадамдарды отбасы мүшелерімен бірге айқындауы қажет, – делінген министрлік ақпаратында.

Құжатта отбасымен алғашқы әңгімелесуді өткізу алгоритмі, оның негізгі қажеттіліктері мен сұраныстарын анықтау жөніндегі ұсынымдар беріледі. Сондай-ақ отбасының күшті жақтары мен қолда бар ресурстарын бағалау тәсілдері және алдағы қадамдарды бірлесіп жоспарлауға арналған құралдар ұсынылады.

Әлеуметтік қызметкерлердің бейінді мамандармен өзара іс-қимылына және көрсетілген қолдаудың нәтижесін бағалауға да ерекше назар аударылмақ.

Қазіргі уақытта Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс істеу тәжірибесін зерттеп жатыр. Мамандар қолданыстағы тәсілдерді талдап, ата-аналар мен әлеуметтік қызметкерлердің қажеттіліктерін, сондай-ақ күнделікті жұмыста пайдалануға болатын практикалық құралдарды анықтауда.

Айта кетейік, ДСМ аутизмді емдеуде нақты медицинаға жүгінуге шақырды.