Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 48 мыңнан астам қызмет көрсетілді
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 48,7 мың тапсырысы орындалды, деп жазды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жыл басынан бері портал арқылы шамамен 35,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын алды. Сонымен қатар 3,6 мың адамға ымдау тілі қызметі көрсетілді, 9,1 мың адам жеке көмекшінің қызметін пайдаланды, ал 576 адам шипажайлық-курорттық емдеумен қамтылды.
- Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу арқылы немесе өз бетінше алып кету жолымен алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбаларды қамтиды, - делінген ведомство ақпаратында.
Қазіргі уақытта Порталда 612 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1041 оңалтудың техникалық құралдарын жеткізуші, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 776 ымдау тілі қызметін ұсынушы және 130 шипажайлық-курорттық емдеу ұйымы тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Айта кетейік, Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін 34 мың нысанға аудит жүргізілді.