Министрдің айтуынша, әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру шеңберінде атаулы және мұқтаждық қағидаттарын іске асыру негізгі жаңашылдық болады.
— Негізгі басымдық санаттық тәсілден отбасының нақты мұқтаждығы мен әл-ауқат деңгейін кешенді және атаулы бағалауға ауысады. Бұл мемлекеттік ресурстарды анағұрлым әділ және тиімді бөлуге, мемлекеттік қолдауды оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік саясат білім беру және еңбек арқылы азаматтардың әл-ауқатының тұрақты өсуіне жағдай жасауға бағытталады, — деп атап өтті А. Ертаев.
Аталған тәсілдерді іске асыру қаражатты адами капиталды дамытуға қайта бөлуге және мемлекеттік қолдауды оған барынша мұқтаж азаматтарға бағыттауды күшейтуге мүмкіндік береді.
— Бүгінде Отбасының цифрлық картасы бойынша үй шаруашылықтарының әл-ауқатын бағалау әдістемесі өзектендірілді, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі әзірленді және негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялар іске асырылды. Платформаның функционалы және отбасы құрамын қалыптастыру механизмі пысықталды, — дейді министр.
Келесі кезең — «eGov Mobile» қосымшасында үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыру және банктермен, Қаржы министрлігімен және кредиттік бюролармен интеграциялау арқылы деректер құрамын кеңейту.
Бұл отбасылардың нақты табыстарын, шығыстарын және қаржылық жағдайын ескеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде туындаған проблемаларға ден қоюдан оларды ерте кезеңде айқындауға көшеді. Бұл әрбір отбасыға атаулы және проактивті қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
— Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу шеңберінде жергілікті атқарушы органдар
13 қолдау шарасын автоматтандырды, «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау жасалды, әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың ашықтығы мен айқындығы артты. Жыл соңына дейін қолдау шараларын атаулылық қағидаты бойынша тағайындау, eGov (mobile) арқылы өтініш беру мүмкіндігін ұсыну, жекелеген қызметтер бойынша қағаз анықтамаларды алып тастау және мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын «Әлеуметтік әмиянда» көрсету жоспарлануда, — деді Асқарбек Ертаев.
Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.
Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.
Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік және қоғамдық институтты түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.