Әлеуметтік маңызды салаларда бағаны ұстап тұру жалғасып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Инфляцияны 10-11% деңгейінде тежеу және 2025 жылдың соңына дейін халық үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды іске асыру жалғасып жатыр.
Бұл қадамдар бағаны әлеуметтік маңызды салаларда ұстап тұруға және сонымен бірге экономиканың тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді, — делінген Табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарламасында.
Бұл ретте коммуналдық салаға инвестициялар тарту мемлекеттік саясаттың басымдығы болып қала береді. Тарифтердің қатып қалуына қарамастан, жөндеу және жаңғырту жұмыстары жоспарлы тәртіппен орындалады, бұл тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, желілердің тозу деңгейін төмендетеді және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады.
— 2025 жылы қажетті инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 643 млрд теңге. Бұл қаражат бүкіл ел бойынша 8542 шақырым инженерлік желілерді жөндеуге бағытталған. Сатып алудың барлық рәсім аяқталды, құрылыс және жөндеу жұмыстары бекітілген маусымдық кестеге сәйкес жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Тарифтердің өсуін тежеуге жоспарланған түзетулердің бір бөлігін ауыстыру және ұзақ мерзімді қаржыландыруды пайдалану ықпал етеді. Табиғи монополиялар субъектілерінен тарифтерді қайта қарауға жаңа өтінімдер күтілмейтінін атап өту маңызды, бұл халық үшін қосымша өсуді болдырмайды.
Бір мезгілде мемлекет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін атаулы қолдау шараларын сақтайды. Жергілікті атқарушы органдар арқылы іске асырылатын тұрғын үй көмегінің тетігі коммуналдық төлемдер отбасы табысының 5-10% болатын жағдайларда шығысты өтеуді көздейді. Айырмашылық әкімдіктердің бюджеті есебінен жабылады.
Айта кетелік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне арналған тариф жыл соңына дейін өспейді.