Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нақты іс-қимылды күшейтуіміз керек — Ермек Көшербаев
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев шетелде жұмыс істеп жүрген отандастарымыздың құқықтарын қорғау мәселесіне назар аудартты.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, қарапайым азаматтар тарапынан келіп түсетін шағымдар мен өтініштер азаймай тұр. Халықтың мұң-мұқтажына жедел, тиімді жауап беріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нақты іс-қимылды күшейтуіміз керек, — деді вице-премьер.
Сонымен қатар ол еліміздің Солтүстік және Шығыс Қазақстан сынды облыстарының шекара маңындағы ауылдарда халықтың жоқ екендігіне назар аудартты.
— Мәселен, Тарбағатай, Марқакөл аудандарына барғанымда жергілік тұрғындар басқа өңірде жүрген ауылдастарын қайта көшіруге көмек көрсетуді сұрады. Әрине, бір жағынан қиын. Дегенмен, жағдай жасасақ олар көшіп келеді. Былтыр Түркістан облысынан 40-тан астам отбасы Марқакөл ауданына көшіп келді. Жартысы кері қайтып кетті. Өйткені, қысты күні қиындау. Оңтүстіктен барғандар қыста Марқакөлде 3-4 метр қар, аяз болғанда шыдай алмайды. Бірақ, мектеп, интернет, сумен, жылумен қамту, мал бағу үшін жер мәселесін шешіп берсек, халық барады. Сол жұмысты жалғастыру қажет, — деду Ермек Көшербаев.
Мұнан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары шетелде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталды.
— Әрине, бүгінде олардың көбі заңсыз жұмыс істеп жатыр. Кореяда, АҚШ-та да азаматтарымыз бар. Еңбек министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, шетелдердің тиісті ведомстволарымен келісімшарттар жасасу жұмысын жалғастыруы керек, — деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы жыл сайын қысқартылмақ.