Әлеуметтік осал топтарға баспана алуда қандай қолдау көрсетіледі

Коллаж: Kazinform/ Canva

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері 7,3 мың жалдамалы пәтер және 10 мыңнан астам субсидияланған ипотекалық несие берілді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов есептік кездесуде айтып берді. 

Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы 11 айында 16,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

— Президенттің сайлауалды бағдарламасының бөлігі ретінде 2029 жылға қарай 111 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 1 миллионнан астам азаматты жеке тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 7,3 миллион шаршы метрге артық, — деді Қуандық Қажкенов елордада Конгресс орталықта өткен есептік кездесуде.

Сонымен бірге, тұрғын үй секторында халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй және кезекте тұрғандарға несиелік тұрғын үй беру секілді қолдау шаралары жүргізіліп келеді.

— Әлеуметтік жағынан осал топтарға жалдамалы баспана беру мақсатында 2025 жылдың алғашқы 11 айының соңына дейін 7,2 мың пәтер сатып алынды, — атап өтті Қуандық Қажкенов.

Сондай-ақ, әкімдіктер 11 айда мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы 4,4 мың пәтер салып, сатып алды. 63,1 млрд теңге болатын 4,9 мың ипотекалық несие жеңілдікпен — 2% және 5%-дық мөлшерлемемен берілді.

Оған қосымша, 11 айда «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 205,7 млрд теңгеге 7,6 мың ипотекалық несие берілді.

— Жаңа заңнамалық түзетулер аясында тұрғын үйге мұқтаж адамдарды тіркеу мен жалға берілетін тұрғын үйді тарату міндеті әкімдіктерден Отбасы банкіне берілгенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта 965 мыңнан астам азамат тіркелген, оның ішінде шамамен 600 мыңы әлеуметтік жағынан осал топқа жатады. Биыл азаматтарға шамамен 7,3 мың жалға берілетін пәтер және 10 мыңнан астам субсидияланған ипотекалық несие берілді, — деді вице-министр.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір шарасы — тұрғын үй жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау және тұрғын үй сертификаттарын беру. 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына қарай 11 мыңнан астам азамат осы субсидиялардан пайда көрді, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 11 айдың қорытындысы бойынша 1400-ден астам азамат алғашқы жарналарын жабу үшін жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге тұрғын үй сертификаттарын алған.

Айта кетейік, еліміздің 17 өңірінде тұрғын үйді пайдалануға беруде оң динамика байқалады.