Әлеуметтік төлемнен неге бас тартылады: негізгі себептер аталды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың жеті айында Қазақстанда әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы 98 мыңнан астам шешім қабылданған. Көбіне жұмысынан айырылуына байланысты төлем алуға өтініш берген азаматтарға бас тартылған.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында қазақстандықтардың қандай жағдайда төлемнен қағылуы мүмкін екенін және мұндай жағдайда не істеу керектігін түсіндірді

Себептері әртүрлі

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бес әлеуметтік тәуекел бойынша төлем беріледі. Олар — еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылу, жүктілік пен босануға байланысты табыстан айырылу, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу.

Алайда төлем алуға өтініш беру оның міндетті түрде тағайындалатынын білдірмейді. Қор төлем тағайындаудан бас тартудың негізгі себептерін атады.

Олардың қатарында төлем алуға құқығының болмауы, құжаттар топтамасының толық болмауы, ұсынылған мәліметтердегі қателер немесе сәйкессіздіктер, сондай-ақ жалған ақпарат беру бар. Қор қосымша сұратқан құжаттарды ұсынбаған жағдайда да төлем тағайындаудан бас тартылуы мүмкін.

Жиі кездесетін себептердің бірі — әлеуметтік аударымдар сомасының өтініште көрсетілген табысқа сәйкес келмеуі. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің сәйкес келмеуінен де қиындықтар туындауы мүмкін.

2026 жылғы қаңтар-шілде аралығында Қор филиалдары әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы 98 081 шешім шығарған.

Ең көп бас тарту жұмысынан айырылуына байланысты төлемдер бойынша — 44 549 болды. Тағы 27 983 шешім бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты төлемдерге, ал 20 969 шешім жүктілік пен босануға байланысты төлемдерге қатысты қабылданған.

Бұл ретте азаматқа төлем тағайындаудан бас тартудың нақты себебі хабарлануы тиіс.

Төлем тағайындаудан бас тартылса, не істеу керек?

Қабылданған шешімге шағымдануға болады. Шағымды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының тиісті филиалының басшысына, тікелей Қорға немесе жоғары тұрған уәкілетті органға беруге болады. Егер өтініш беруші шағымды қарау нәтижесімен келіспесе, сотқа жүгінуге құқылы.

Бұл ретте бас тарту төлемді енді алу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Егер бас тартуға себеп болған жағдай жойылса, мысалы, жетіспейтін құжаттар ұсынылса немесе мәліметтер түзетілсе, азамат төлем алу үшін қайта өтініш бере алады.

Белгіленген мерзімдерді өткізіп алмау маңызды. Жүктілік пен босануға байланысты төлемді алу үшін құқық пайда болған күннен бастап 12 айдан кешіктірмей, бала күтіміне байланысты төлем үшін 18 айдан кешіктірмей, ал жұмысынан айырылуына байланысты төлем үшін 12 ай ішінде өтініш беру қажет.

Бұған дейін тамыз айынан бастап әкімдіктер көрсететін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары жасанды интеллект көмегімен тағайындала бастайтынын жазған болатынбыз.