Әлеуметтік желіде сынға іліккен БҚО табиғатты қорғау прокуроры қызметінен босатылды
ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Абылай Бисқалиев қызметінен босатылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлеуметтік желіде бейнежазба тарағаннан кейін қызметтік тексеру жүргізілді.
Анықталғанындай, А.Бисқалиев 12 тамыз күні жұмыс орнында болған, медициналық куәландыру оның ішімдік ішпегендігін көрсеткен.
Объективті себептерге байланысты фото мен бейнежазбаның қашан түсірілгенін анықтау мүмкін болмады. Дегенмен аталмыш жайт қоғамдық пікір туғызып, әлеуметтік желі қолданушылары мен ақпараттық интернет көздері оқырмандарының көптеген пікірталасына түрткі болды.
«15 тамыз күні қызметтік тексеру нәтижесі мен облыс прокуратурасы тәртіптік комиссиясының ұсынысына сәйкес А.Бисқалиев қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар А.Бисқалиев мемлекеттік қызметшіге қойылатын жоғары талапты түсіне отырып, басшылық атына өзін қызметінен босату туралы өтініш жазды. 20 тамызда А.Бисқалиев БҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры қызметінен босатылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да табиғатты қорғау прокурорына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.