Талай сахнада барабанын ұрып, көрерменнің қошеметіне бөленген шымкенттік музыкант Әлішер Олжабай бүгінде әскери форма киіп, ІІМ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің қатарында қызмет етіп жүр. Бір қарағанда, сахна мен әскери саптың арасы жер мен көктей. Бірақ Әлішер үшін екеуін байланыстырып тұрған бір нәрсе бар. Ол — музыка.
Кәсіби барабаншының әскери өмірге келуіне TikTok пен Instagram-нан көрген ақпараттары себеп болған. Әлеуметтік желіден Ұлттық ұланның әскери оркестрлерінде кәсіби музыканттарға да мүмкіндік барын көрген ол көп ойланбай, өнерін армияда жалғастыруды шешкен. Осылайша, әлеуметтік желідегі бір видео оның өміріндегі жаңа бөлімнің басталуына себеп болды.
Әрине, кәсіби музыкант болғаны әскери тәртіптен босатпайды. Қатардағы Әлішер Олжабай да алғашқы күндері саптық дайындықтан өтіп, күн тәртібіне бейімделді. Музыкада дирижердің қимылына қарап жүрсе, әскерде командирдің пәрменіне құлақ асуды үйренді.
Дегенмен оның музыкаға деген қызығушылығы әскери қызметпен қатар жалғаса берді. Ұлттық ұландағы әскери оркестрлер салтанатты шаралар мен әскери рәсімдердің ажырамас бөлігі саналады. Ал мұндай ұжымдарда кәсіби музыканттардың тәжірибесі мен шеберлігі ерекше қажет. Сондықтан Әлішердің сахнада жинаған тәжірибесі әскери ортада да кәдеге жарады.
Әскери шерулер мен салтанатты рәсімдерде барабаншының орны ерекше. Себебі мұнда барабан үні жай ғана дыбыс емес, әскери рәсімнің бір бөлігі.
Әлішердің кәсіби деңгейін байқаған оркестр ұжымы оған қолдау көрсетіп, бос уақытында жаттығуына мүмкіндік беріп келеді.
Осыған дейін сән әлемін мойындатқан жігіт Ұлттық ұланда қызмет етіп жүргенін жазғанбыз.