Әлеуметтік желідегі жауапкершілік: заңгер кеңесі

Фото: Азертадж

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Басқа пәле - тілден. Бұл бүгінгі цифрландыру дәуірінде де өзекті. Әлеуметтік желіде әр адам өз ойын еркін білдіріп, түрлі ақпаратпен бөлісіп жатыр. Алайда әрбір пікір мен жарияланым белгілі бір жауапкершілікті талап ететінін ұмытпаған жөн. 

Солтүстік Қазақстан облысы адвокаттар алқасының мүшесі Ольга Гаврик әлеуметтік желідегі пікір үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтып берді.

Қазіргі заманда интернет және әлеуметтік желілерсіз өмір сүру мүмкін емес. Ал біздің желіге салғанымыз бірден көпшілікке жария болып жатады. Адамдар оны пікір білдіріп, бір-біріне жіберіп, лайк басып, өз әсерлерімен бөліседі.

Әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасағанда, бір нәрсе туралы пікір қалдырғанда адамгершілікті ұмытпай, басқаға құрметпен қарау маңызды. Кейде «осыны жариялағаным дұрыс па?» деп ойланған жөн. Себебі интернеттегі жарияланым - бұл үйде, жабық есік артындағы әңгіме емес. Интернетте жазба, фото немесе басқа материалға пікір қалдырғанда біз осы әрекеттерімізге жауапты боламыз, - дейді Ольга Гаврик.

Маманның айтуынша, Қазақстанда жала, кәпірлік, қорлау, араздық тудыру, елдің тұтастығын бұзуға шақыру сияқты әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік бар.

Жала жабу басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін төмендететін өтірік ақпаратты жариялау немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс желілері арқылы тарату.

Мұндай әрекет үшін: жеке тұлғаға 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 20 күндік әкімшілік қамау, ал лауазымды тұлғаға 650 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 25 күндік әкімшілік қамау тағайындалады.

Интернетте жәбірлеу, тіл тигізу үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Жәбірлеу, кемсіту - әдепсіз түрде басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін төмендету, оны ұятқа қалдыру. Егер бұл әрекет жария түрде немесе БАҚ, телекоммуникация желілері, онлайн-платформалар арқылы жасалса, онда: 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, немесе сол мөлшерде түзету жұмысы тағайындалады немесе 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады, - дейді адвокат.

Ал қасақана әлеуметтік, ұлттық, ру, нәсілдік, таптық немесе дінге қатысты араздық тудыру, ұлттық абыройды, дінге қатысты сезімдерді қорлау, адамдарды кемсіту, теңсіздік немесе артықшылықты насихаттау әрекеттері үшін (егер олар жария түрде немесе БАҚ, интернет арқылы жасалса, сонымен қатар кітаптар немесе басқа ақпарат көздері арқылы таралса) ҚР ҚК 174-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Мұндай әрекеттер үшін 2-7 мың АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 2-7 жылға дейінгі қамау немесе сол мерзімге бостандықты шектеу тағайындалуы мүмкін.

Яғни, интернеттегі қорлау мен араздық тудыратын әрекеттер заң бойынша қатаң жазаланады және бұл тек айыппұлмен шектелмей, бас бостандықтан айыруға да әкелуі мүмкін.

Елімізде заң бойынша жеке деректерді таратуға, сонымен қатар дәрігерлік, адвокаттық, банк құпиясын, сондай-ақ отбасылық немесе мемлекеттік құпияны жариялауға тыйым салынған.

Егер біреуге қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болса, сол адамды қылмыс жасады деп айыптайтын ақпаратты сот шешіміне дейін таратуға болмайды. Заң бойынша адам тек сот шешімімен ғана кінәлі деп танылады.

Егер сізге қатысты жалған, беделіңізді, абыройыңызды түсіретін ақпарат таратылған болса және бұл сізге моральдық зардап, мысалы, психологиялық күйзеліс әкелген болса, сіз азаматтық тәртіппен сотқа жүгініп, моральдық шығынды өндіруді талап ете аласыз, - дейді Ольга Гаврик.

Заңгердің айтуынша, моральдық зиян – бұл адамның жеке мүлкіне емес, бірақ оның жеке басы мен абыройына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіру. Мұндай зиянға қорлану, ашу, күйзеліс, ұялу, қайғы, физикалық ауырсыну, өз-өзіне сенімсіздік, жайсыздық сезімі және т.б. психологиялық немесе физикалық ауыртпалықтар жатады.

Моральдық зардап тек қана тікелей зардап шеккен адамға емес, қайтыс болған адамның жақын туыстарына немесе жұбайына да қатысты болуы мүмкін.

Мұндай сезімдер мен күйзелістер өзіне немесе жақындарына қарсы заңсыз әрекет жасалғанда, бостандықты немесе еркін қозғалу құқығын заңсыз шектеуде, денсаулығына зиян келтіру, отбасылық, жеке немесе дәрігерлік құпияны жариялауда, хат-хабар, телефон немесе телеграф құпиясын бұзуда, жалған ақпарат таратып, адамның абыройын, қадірін түсіруде, атына, бейнесіне, авторлық немесе туыстық құқықтарына қол сұғуда туындауы мүмкін.

Алайда моральдық зиян үшін өтемақы мөлшері әділ және орынды болуы тиіс, - дейді адвокат.

Өтемақының сомасы бұл заңсыз әрекет жасаған адамның жауапкершілігін көрсететін негізгі құрал болып есептеледі.

Заңгердің айтуынша, әлеуметтік желілердегі блогерлер, парақша иелері өз беттерінде заңсыз немесе тыйым салынған материалдарды жариялаған жағдайда, автормен бірдей жауапкершілікке тартылады.

Сондықтан, бір-бірімізге құрметпен қарап, ақпаратты жарияламас бұрын ойланып алу өте маңызды. Интернеттегі әрбір жазба, пікір немесе фото - жеке емес, жалпыға ашық және оның заңдық салдары болуы мүмкін, - дейді Ольга Гаврик.

Бұған дейін алажағын ала алмай жүргендерге адвокат кеңесін жариялаған едік.