Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратынша, аудан орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан Алғабас ауылында 250-ден астам адам тұрады. Денсаулық сақтау басқармасы мамандары эпидемияға қарсы шараларды жүргізу мақсатында Алғабас ауылына барып, коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды анықтап, қазіргі кезде аурудың таралуын тежеу мақсатында тиісті шаралар жүргізуде.
Тұрғындар ішінде алғашқы болып, басқа жерге барып келген әйел ауырған. Ұлытау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қаулысы бойынша санитариялық бекет қойылып, мектеп оқушылары 18 сәуірге дейін қашықтан оқуға жіберілді. Коронавирустың 13 ошағы белгіленіп, жұқтырғандармен байланыста болған 20 адам анықталған. Эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда.