Осыдан екі ай бұрын Шымкент қалалық перинеталдық орталығында Туба Демирай есімді түрік елінің азаматшасы 28 аптасында ота арқылы дүниеге перзент әкелген болатын. Отаны білікті хирург Муслим Гасанов жасады.
«Уақытынан бұрын ота жасауға іштегі сәбидің жүрек қағысының нашарлауы себеп болды», - дейді дәрігерлер.
Осылайша, білікті мамандардың арқасында 985 грамм салмақпен Кумсал Ада есімді сәби өмірге келді. Он апта ерте жарық дүние есігін ашқан нәресте бір аптаға жуық жансақтау бөлімінде білікті неонатолог Ақзат Шолпанқұлованың бақылауында болды. Медициналық көрсеткіш бойынша алғашында сәбидің өмір сүру мүмкіндігі 100/35 пайызды құраған. Шымкенттік дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің арқасында бүгінде ана мен баланың жағдайы жақсарған. Кумсал Ада 1 715 грамм салмаққа жетті.
«Ана болғым келеді» бағдарламасының авторы Ләйлә Сұлтанқызы 24 жастағы Туба Демираймен перзентханада тілдесті. Туба сұхбатта өзінің тұңғышының жүктіліктің 26 аптасында Түркияда жүрген кезде шетінеп кеткенін айтып, көзіне еріксіз жас алды. Жолдасы Бедре Муса екеуі екі жыл бұрын Ыстамбұлдан Шымкент қаласына қоныс аударғанын, бүгінде кәсіппен айналысып жатқанын тілге тиек етті. Отбасылық жұп бірінші кезекте Шымкент қалалық перинаталдық орталығының ұжымына алғысын білдірді.
Айта кетейік, сұхбаттың толық нұсқасын қараша айында «Жібек жолы» арнасындағы «Ана болғым келеді» бағдарламасынан көре аласыздар.