Алғаш рет Конституцияда «зияткерлік меншік» ұғымы пайда болады – Бақыт Нұрмұханов
АСТАНА. KAZINFORM – Шығармашылық еркіндік құқы жаңаша сипатқа ие болады. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.
– Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік құқы жаңаша сипатқа ие болып, оның жекелеген түрлері көрсетілді. Алғаш рет Конституцияда «зияткерлік меншік» ұғымы пайда болады. Бұл құқықты толыққанды жүзеге асыру демократиялық және құқықтық даму жолына түскен мемлекетте тұлғаның еркін дамуының бірден-бір алғышарты екені баршаға аян, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) төртінші отырысы өтті.
Kazinform агенттігінің сайтында әдеттегідей отырыстан тікелей эфир ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық ережелерді жетілдірді.