Алғаш рет тағайындалған судьялар бір жылдық тағылымдамадан өтуі тиіс - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алғаш рет тағайындалған судьялар қызметке кірісудің алдында бір жылдық стажировка мен біржылдық сынақтан өтуі тиіс.

Бүгін Ақордада қайта жасақталған Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Судья лауазымына кандидаттар үшін міндетті норма - сот үдерістеріндегі бес жылдық еңбек өтілі болуы керек. Кәсіби дағдылар мен оны қолдануларына ситуациялық тестілер енгізіледі. Бірінші рет тағайындалып отырған судьялар өз қызметтеріне кірісудің алдында соттарда бір жылдық тағылымдамадан өтулері керек. Стипендиясы төленетін осы бір жылдық тағылымдаманы аяқтаған соң судьялар бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді. Міне, содан соң барып қана қызметке кірісулері тиіс», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өзара байланысты күшейту және сот тәжірибелеріне оқыту мәселелеріне де тоқталды. «Мұндай институт ҚР Жоғарғы соты жанынан құрылып, судьялардың біліктілігін арттырумен ұдайы айналысуы керек», - деді Елбасы.