Дженнифер Баррето психолог және әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді және кішкентай қызы бар. Осылайша, Дженнифер «Ғалам аруы» атағын жеңіп алған алғашқы тұрмыстағы әйел және ана болып отыр. Үш жыл бұрын ұйымдастырушылар тұрмысқа шыққан немесе балалы болған әйелдерге қойылған даулы тыйымды алып тастаған болатын. Бұл Баррето секілді көптеген қатысушыларға жол ашып отыр.
Биыл «Ғалам аруы» атағы үшін әртүрлі елдерден келген 116 қатысушы бақ сынасты. Оның ішінде 4,5 метрлік қанаттары бар ұлттық костюммен шығып көрерменнің көзайымына айналған қазақстандық Алина Ри де бар.
Финалда Пуэрто-Рико өкілінен бөлек Филиппин, Жаңа Зеландия, Венесуэла және Доминикана Республикасынан келген қатысушылар да бағын сынап көрді.
Финалға дейін қатысушылар дәстүрлі жабық сұхбаттар, ұлттық киімдердегі сән көрсетілімі және байқаудың алдын ала кезеңі сияқты әртүрлі іс-шараларға қатысты. Финалдық кеште 76-шы «Ғалам аруы» байқауы өтетін орын да жарияланды. Келесі жылы байқау тағы да Пуэрто-Рикода өтеді.
Айта кету керек, Пуэрто-Рико «Ғалам аруы» атағының жалпы саны бойынша АҚШ пен Венесуэладан кейін екінші орында. Биыл бұл елдің арулары алтыншы рет жеңімпаз болып отыр.
Виза қиындығына байланысты биылғы қатысушылар саны күтілгеннен аз болды. Алғаш рет қатысатынын жариялаған Непал мен бес африкалық елдің, соның ішінде Оңтүстік Судан мен Конго Республикасының өкілдері АҚШ визаларын ала алмай байқауға қатыса алмады.
Сонымен қатар «Ғалам аруы» ұйымы мен Оңтүстік-Шығыс Азияның алты елінде ұлттық байқауларды ұйымдастыратын тайлық бизнесмен Нават Ицарагрисил арасындағы келісімшарт бойынша дау салдарынан Индонезия, Лаос, Малайзия, Сингапур, Таиланд және Вьетнам өкілдері финалға қатыса алмады.
Бұған дейін Шымкенттік Алина Ри Пуэрто-Рикода өтіп жатқан мерейтойлық «Miss Universe — 2026» сұлулық байқауында көрермендер мен сарапшылардың назарын аударғаны туралы жазған едік.