Алғашқы АЭС атауын таңдау оңай болмайды — сарапшы пікірі

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы тұңғыш АЭС атауына 20 мыңнан аса ұсыныс түсті. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған АЭС жөніндегі сарапшы мәлімдеді. 

— Атом электр станциясы — тек бір өндіріс орны емес, ол — ірі және жоғары технологиялық сала. Бұл салада ғалымдар, химиктер, физиктер, энергетиктер және көптеген жастар еңбек етеді. Мен де осы саланың маманымын, — дейді Бағдат Қадыров.

Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы атом саласы қайта жанданып келеді.

— 1999 жылы Ақтаудағы АЭС жабылған кезде, көптеген маман, әсіресе химиктер мен физиктердің болашағы жоқ сияқты көрінді. Алайда, 25 жыл өткен соң елімізде атом энергетикасы қайта жанданып жатыр, бұл біз үшін үлкен қуаныш. Қазір жаңа станция салынғалы жатыр. Ал бізден кейінгі ұрпақ осы салада жұмыс істеп, еліміздің дамуына үлес қосады деп сенемін, — дейді ол.

Бағдат Қадыров АЭС атауын таңдау процесіне де тоқталды.

— АЭС-тің атауын жария байқау арқылы таңдау — демократиялық тұрғыдан өте тиімді шешім. Оған тек уран саласының мамандары ғана емес, сонымен қатар тарихшылар, этнографтар, сарапшылар, блогерлер және халық қатысады. Бұл — өте дұрыс әрі әділ тәсіл деп есептеймін, — дейді сарапшы.

Бүгінде ұсыныстарды қарастыру үшін арнайы комиссия құрылған.

— Оның құрамына атом энергетикасы агенттігінің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, этнографтар, тарихшылар, блогерлер, жастар және креативті индустрия өкілдері кіреді. Олар ұсынылған атауларды тарихи, этнографиялық және креативті аспектілер бойынша жан-жақты сараптайды, — дейді ол.

Бағдат Қадыров байқауға қатысу шарттарын да түсіндіріп өтті.

— Байқауға кез келген адам e-Gov mobile арқылы қатысып, өз ұсынысын жібере алады. Алайда ұсыныс тек атау ғана емес, оның мәнін түсіндіретін сипаттамамен бірге берілуі тиіс. Комиссия бұл ұсыныстарды мұқият қарастырып, соңында ең қолайлы әрі мағыналы атауды таңдайды, — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, халық белсенділік танытып отыр.

— Қазіргі таңда 20 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Әлі де жаңа атаулар ұсынылып жатыр. Сондықтан комиссия мүшелері үшін дұрыс атауды таңдау оңай болмасы анық, — дейді Бағдат Қадыров.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Франция мен Корея университеттері елде АЭС мамандарын даярлайды.