Алғашқы АЭС-ке тартылатын 14 млрд доллардың неше пайызын қазақстандық компаниялар игереді

Фото: storage.googleapis.com

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасын салуға тартылады делінген 14 млрд доллардың неше пайызын отандық компаниялар игеруі мүмкін екенін айтты.

— Құрылысқа барынша қазақстандық компанияларды тартамыз. Бірақ әлі нақты цифрларды айту мүмкін емес. Өйткені жобалық-сметалық құжаттар дайын емес. Дайын болғаннан кейін нақты цифрлар пайда болады. Сонда айта аламыз. Бірақ ең басты қағидат — қазақстандық компанияларды тарту, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ол жобалық-сметалық құжаттар келесі жылы ғана дайын болатынын айтты.

— Техникалық-экономикалық негіздеме желтоқсан айына қарай дайын болады. Ал жобалық-сметалық құжаттар келесі жылы дайындалады, — деді вице-премьер.

Сондай-ақ, Роман Скляр алғашқы АЭС-тің 14 млрд доллар болатыны Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің есебі екенін, жоба құжаттарын нақтылау кезінде бұл сан өзгеруі мүмкін екенін қосты.

Еске салсақ, Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында елде салынатын алғашқы АЭС-тің болжамды құнын атаған болатын