Алғашқы үш жолақты реверсивті жол қай өңірде салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында үш жолақты реверсивті қозғалыс қарастырылған жол салынады. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Ақмола облысына іс-сапармен барып, Көкшетау — Зеренді тасжолындағы орташа жөндеу жұмыстарын тексерді. Аталған жол бойында елімізде алғаш рет реверсивті қозғалыс жолағы салынады.
Жоба аясында жолдың ені 7 метрден 11 метрге дейін кеңейеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, үш жолақты қозғалыс жүйесі іске қосылып, оның бір жолағы реверсивті болады. Бұл жолдың өткізу қабілетін арттырып, жол-көлік оқиғаларын алдын алуға мүмкіндік бермек. Әсіресе жазғы маусымда қозғалыс қарқындылығы артқан кезде туристер мен жергілікті тұрғындар үшін бұл жол ыңғайлы әрі қауіпсіз болады деп күтіліп отыр.
— Жазғы уақытта Зеренді курорттық аймағына баратын көлік саны артатыны сөзсіз. Жөндеу жұмыстары 47 шақырымды қамтиды. Қазір жоба аясындағы жұмыстар белгіленген кестеге сай жүріп жатыр, — деді вице-министр.
Зеренді курорттық аймағы — еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. Мұнда жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден мыңдаған турист келіп демалады.
— Жалпы 2025 жылы ауқымды орташа жөндеу бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жол жаңартылмақ. Бұл жұмыстар ең алдымен туристік әлеуеті жоғары өңірлерге бағытталған. Атап айтқанда, Рахманов қайнары, Алакөл, Қайыңды мен Көлсай көлдері, Баянауыл, Кендірлі, Қорғалжын қорығы және Имантау-Шалқар курорттық аймағына баратын жолдар жөндеуден өтеді, — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетелік БҚО-да жолды күтіп ұстамаған мекеме басшысына айыппұл салынған еді.