Бұл туралы Астана радиосының баспасөз қызметі хабарлады.
Мереке күні таңғы сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін Астана радиосын 101,4 ФМ жиілігінде тікелей эфирде тыңдап қана қоймай, www.astanafm.kz сайтынан онлайн бейнекөрсетілім арқылы тамашалай алатындарыңызды естеріңізге саламыз. Бағдарламаларға қатысатын әр буын өкілі тәуелсіз еліміздің басты даму бағыттары бойынша өз ойларын ортаға салады. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, спортшылар, отандық эстрада жұлдыздары, белсенді жастар, тіпті бүлдіршіндер де бар.
Осы күнгі мерекелік эфир шымылдығы сағат 8.00-де ресми жаңалықтармен ашылады. Жаңалықтар топтамасынан 1 желтоқсан күні өтетін ресми, мерекелік, қоғамдық шаралардан құлағдар бола аласыздар. Сондай-ақ осы күні «Біздің Отанымыз - Қазақстан» тақырыбында арнайы таңғы шоу-бағдарламасы ұсынылады. «Мен қазақпын!» ақпараттық-танымдық бағдарламасына «Мәңгілік Ел» тақырыбы арқау болады. Хабар қонақтары «Мәңгілік ел» тұжырымдамасы мен сол жолдағы басты даму бағыттарымызды түсіндіреді. Екі тілде «Арнайы қонақ» - «Специальный гость» хабарында Қазақстан атын әлемге әйгілейтін ЭКСПО - 2017 Халықаралық көрмесіне дайындық барысы сөз болмақ. Ал «Шаңырақ» бағдарламасы «Бір ел, бір халық, бір тағдыр» тақырыбында өрбиді. Онда бір шаңырақ астындағы түрлі ұлт өкілдерінің тату ғұмыры, этносаралық қатынастың қазақстандық моделі туралы сөз болады. «Ұлтты сүю - ұлы сезім» тақырыбы аясындағы «Қаһарман» хабарынан Ұлттық Гвардия ұландарының жауынгерлік өмірі, ой-пікірі, өнері мен шығармашылымен де сусындай аласыздар. Әлемдік додаларда еліміздің намысын ту етіп, түрлі спорттық сайыстарда топжарған спортшылар ерлігі туралы «Намыс» хабарында айтылады. Осы күнгі Астана радиосының мерекелік кестесі Тұңғыш Президент күніне арналған арнайы репортажбен қорытындыланады. Хабар барысында күннің басты жаңалықтарымен, өткізілген басты шаралармен, елорда тұрғындарының мерекелік тынысымен таныса аласыздар.