Алғыс айту күні: Оралда аз қамтылған 100 отбасына азық-түлік себеті жеткізілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Алғыс айту күні кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласындағы іс-шаралар облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің қатысуымен «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды.

Мұнда жиналғандар Қазақстан жеріне тағдыр айдауымен келген түрлі ұлттардың қазақ халқынан қамқорлық көргенін, мұны олардың ешқашан ұмытпайтындығын атап өтті.

Достық үйінде «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылып, шаһардағы аз қамтылған 100 отбасыға әлеуметтік азық-түлік себеттері жеткізілді.

Бұған БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер, жастар мен волонтерлік ұйымдар, құқық қорғау органдары, басқа да жанашыр азаматтар қатысты.

Мерекелік іс-шаралар Достық үйінде «Қазақстан – бақыт мекені» атты концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

«Алғыс айту күніне орай жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың бәріне алғыс айтқым келеді. Бұл күні соңғы екі жыл бойы пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер құрметке лайық. Біздің тыныштығымызды күзететін тәртіп сақшыларына, сол секілді адамдарды оттан, судан құтқаруға асығатын ТЖ қызметкерлеріне ризашылығымыз шексіз. Ынтымақ пен бірлік жолында аянбай еңбек етіп жүрген этномәдени бірлестіктер басшыларына рахмет айтамын. Бүгін қайырымдылық керуені кезінде де полиция, ТЖ департаменттерінің қызметкерлері белсенділік көрсетті», деді БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының бөлім басшысы Инесса Тоболева.