Алғыс айту күніне орай Алматы облысында 200-ден астам шара өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы биыл тұңғыш рет «Алғыс айту» күнін атап өтуде. Бұл мерекеге орай Жетісу өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясы 200-ден астам шара жоспарланған. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында хабарланды.

«Достық үйі» қоғамдық келісім орталығының директоры Жанат Садековтың айтуынша, облысымызда 71 этномәдени орталықта бірлескен 103 этнос өкілі тұрады. Олардың барлығы бір ауыздан бұл мереке қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметінің орнығуына негіз болатынын тілге тиек етуде. Бүгін Тәуелсіз Қазақ елінің ұлттық құндылықтарын, түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті тірлігін паш ететін көріністер қойылып, «Асар», «Жылу», «Сарқыт», «Сүйінші» және тағы да басқа дәстүрлер бойынша жан-жақты шаралар, қайырымдылық жиындар өткізіледі деп жоспарлануда.

Ал, негізгі шара бүгін Қаратал ауданындағы «Қазақ халқына мың алғыс» атты монументке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Айтулы мереке облыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтетін концертке ұласады.