Әли Ахмедов Головкиннің айқасы андеркардында рингке шығады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов осы жылдың маусым айында келесі кездесуін өткізгелі отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының ВКонтакте парақшасына сілтеме жасап.

«Әли Ахмедов (14-0, 10КО) Биг Бэардағы (АҚШ, Калифорния штаты) Абель Санчестің залында жаттығуын жалғастырып жатыр. Жаттығу кезіндегі видеосын боксшының өзі Инстаграм парақшасына жүктеді. Күтіліп отырғанындай, Ахмедов 8 маусымға жоспарланған Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34КО) келесі айқасының андеркардында өнер көрсетеді. Ахмедов қазіргі уақытта Геннадийдің GGG Promotions компаниясында екенін еске саламыз», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, 24 наурызда өткен өзінің соңғы айқасында Ахмедов төрешілердің бірауыздан берген шешімімен АҚШ боксшысы Майк Гайдан (9-4-1, 5КО) басым түскен болатын.

Еске сала кетейік, орта салмақта бірқатар ұйымның тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин маусым айында келесі кездесуін өткізетіні осыған дейін хабарланған болатын. Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, GGG 8 маусым күні Нью-Йорктегі «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында жекпе-жек өткізеді. Ал қарсыласының есімі кейінірек белгілі болады. Шетелдік БАҚ деректеріне қарағанда, Головкин не француз боксшысы Хассан Ндам Нжикаммен, не болмаса канадалық Стив Роллспен айқасады.