Әли Ахмедов кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісін Елбасына арнады
Айта кетсек, Алматыда бүгін айтулы бокс кеші өткізіліп жатыр. Бокс кешінің басты айқасы - қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова мен бельгиялық Джемилла Гонтарюктың арасында болады. Фирузаның жекпе-жегі сағат 23:00 уақытында «Хабар» арнасында тікелей эфирден көрсетіледі.
Басты жекпе-жектің андеркартында Әли Ахмедов өзінің кәсіпқой бокстағы 11-ші кездесуін өткізді. 10 раундтық айқастың алғашы раундынан-ақ Әлидің басымдығы айқын байқалды. Жылдамдығы әбжіл әрі соққысы мығым Әлидің қарсыласы Исмат Эйнуллаев қорғанумен болды. Тынымсыз соққылар әзербайжандық боксшыны ақыры әлсірете түсті. Екінші раундтың ортасынан кейінгі нокдауннан кейін Исмат Эйнуллаев айқасты жалғастырудан бас тартты.
«Маған сенім білдірген барлықтарыңызға рахмет айтқым келеді. 2017 жыл бәріміз үшін табысты болды. Бүгінгі бокс кешіндегі жеңісімді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнағым келеді. 2018 жылы мен сіздерді бұдан да үлкен жеңістермен қуантуға уәде беремін», - деді боксшы.
Әли Ахмедов осылайша 11- жеңісіне қол жеткізіп отыр.
Айта кетерлігі, 22 жастағы қазақстандық боксшы қазіргі уақытта АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында тұрады.