Қаралы шаралар сәрсенбі күні Ирактың Наджаф қаласында басталды. Бұған дейін Хаменеидің денесі Ираннан осы қалаға жеткізілгенін ирандық және ирактық БАҚ хабарлады.
Наджаф халықаралық әуежайында өткен ресми қарсы алу рәсіміне Иран президенті Масуд Пезешкиан, Ирак басшылығының өкілдері, діни қайраткерлер және жоғары лауазымды ирандық әскери тұлғалар қатысты.
Ирак билігі сәрсенбіні демалыс күні деп жариялады.
Имам Әли кесенесінде жаназа намазы оқылғаннан кейін қаралы шеру күшейтілген қауіпсіздік шараларымен Наджаф көшелері арқылы өтті. Кейін Хаменеидің денесі Кербела қаласына жеткізіліп, рәсімдер имам Хусейн мен Аббас кесенелерінде жалғасты.
Иранның IRNA агенттігінің мәліметінше, елдің бірінші вице-президенті Мұхаммад Реза Ареф Наджаф пен Кербеладағы қаралы рәсімдердің өткізілуі Иран мен Ирак халықтары арасындағы рухани, мәдени және діни байланысты білдіретінін айтты.
Ирактың Халықтық мобилизация күштері қолбасшылығы Наджафтағы шеруге 2,3 миллионнан астам адам қатысқанын мәлімдеді.
Шеруге қатысушылар Иран мен Ирак туларын, сондай-ақ Иран қолдайтын ирактық қарулы құрылымдардың жалауларын алып шықты. Іс-шараларға Ирак билігінің өкілдері, дін қызметкерлері және көптеген қажылар қатысты.
Ирактағы рәсімдер аяқталған соң Әли Хаменеидің денесі Иранға қайтарылады. Жерлеу рәсімі бейсенбі күні оның туған қаласы Мешхедте, имам Реза кесенесі жанында өтеді деп жоспарланған.
Ирактағы қаралы шаралар АҚШ пен Иран арасындағы Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс қайта күшейген тұста өтіп жатыр.
Бұған дейін Әли Хаменеимен қоштасу рәсімдері Тегеранда басталғаны хабарланған.