Alibaba, Microsoft, Sony, Telegram компанияларының Қырғызстандағы сервистері жабылып қалуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда салықтық тіркеуі болмауына байланысты ел азаматтарына электрондық қызмет көрсететін 11 шетелдік компания сервисінің жұмысы шектелуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: Вечерний Бишкек

Мемлекеттік салық қызметі қырғызстандықтар арқылы қомақты табыс тауып отырған, бірақ міндетті салықтық тіркеуден өтпеген бірқатар шетелдік ұйымды анықтады. Олар: 

• Alibaba Group Holding Limited (1688);
• Shanghai Xunmeng Information Technology Co., Ltd. (Pinduoduo);
• Twitch Interactive, Inc.;
• Microsoft Corporation;
• Valve Corporation;
• Sony Interactive Entertainment LLC;
• Epic Games Inc.;
• Electronic Arts Inc.;
• VK Company Limited;
• Telegram FZ-LLC;
• Dropbox Inc.

Қырғызстанның заңнамасына сәйкес, бұл платформалар салықтық тіркеуден өтуге және соның аясындағы міндеттемелерін орындауға міндетті. Электрондық қызмет түрлеріне бағдарламалық қамту, онлайн-ойындар, интернет желісінде жарнама орналастыру, хостинг және мәліметтерді сақтау, цифрлық контентті пайдалануға рұқсат беру және тағы да басқалар жатады. 

2024–2025 жылдары жоғарыда көрсетілген компаниялардың атына жалпы сомасы 13,2 млрд сомнан асатын 15,9 млн-ға жуық ақшалай аударымдар жасалған.

Солардың ішінде ең көп қаражат келесі компанияларға аударылған:

  • Shanghai Xunmeng Information Technology Co., Ltd. — 8,89 млрд сом;
  • Alibaba Group Holding Limited (1688) — 2,83 млрд сом;
  • Microsoft Corporation — 1,01 млрд сом.

Мемлекеттік салық қызметі аталған компанияларға бірнеше рет ресми түрде түсіндірме хат жолдағанын, соның ішінде дипломатиялық арналар арқылы Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі атынан да хабар бергенін мәлімдеді. Әйтсе де, осы уақытқа дейін олардан ешқандай жауап болмаған.

- Салықтық міндеттемелер одан әрі орындалмаған жағдайда салық органдары заңнамада көзделген шараларды қабылдайды, сонысалықң ішінде Қырғыз Республикасының аумағында тиісті компаниялардың электрондық сервистерінің жұмысына шектеу қою мәселесі бойынша құзыретті органдарға жүгінеді, - делінген салық органы таратқан мәліметте.

Бұған дейін Қырғызстанда жекелеген бағыттағы кәсіпкерлер үшін бес жылдық салық демалысын енгізу ұсынылып отырғаны хабарланған болатын.

Біз сондай-ақ Қырғыз Республикасының Мемлекеттік салық қызметі өз штатын жаппай қысқартып жатқаны туралы жазған болатынбыз.

Райхан Рахметова