Әлібек Қуантыров БҰҰ Өңірлік орталығын Алматы қаласында құруға қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлік орталығын Алматы қаласында құру бағытында тиісті қадамдар жасалып жатыр. Бұл туралы Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы маусымда Алматыда Орталық Азия елдері үкімет басшыларының қатысуымен Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік саммит өткізілді. Саммит өңірдегі ең күрделі мәселелерді шешу, тәжірибе мен білім алмасу, бүкіл аймақтың игілігі үшін тұрақты шешімдерді әзірлеу үшін белсенді платформаны қамтамасыз етуге бағытталды. Қазіргі кезде Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлік орталығын Алматы қаласында құру бойынша тиісті жұмыс ескерілген», - деді Ә. Қуантыров.

Сонымен қатар ол Қазақстан жыл сайын Орнықты дамудың жаһандық рейтингіне қатысатынын айтты.

«Кембридж университеті жасаған рейтингке сәйкес, Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары бойынша елдердің жетістіктері анықталады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 100 балдан 71,1 балл жинап, 2019 жылмен салыстырғанда 77-інші орыннан 65-інші орынға дейін, яғни 12 орынға көтерілді», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Әлібек Қуантыровтың сөзіне қарағанда, ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларға, мемлекеттік даму жоспарларына Орнықты даму мақсаттары бойынша маңызды көрсеткіштерінің 60 пайыздан астамы енгізілген.

Айта кетейік, биыл маусым айының басында Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру маңызды екенін айтты.