Әлібек Қуантыров экономика өсімін жеделдететін іс-шараларды атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономика өсімін жеделдететін іс-шараларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 3 өңірде – Ақмола және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қалаласында белгіленіп отыр. 6 көрсеткіш бойынша өсу 9 өңірде бар. Олар Алматы қаласы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Түркістан облыстары. 5 көрсеткіш бойынша оң өсім 3 өңірде – Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында. 4 көрсеткіш бойынша оң өсім Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында байқалуда», - деді министр Үкімет отырысында.

Осы ретте ол орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі іс-шараларға назар аудару ұсынылып отырғанын айтты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыста жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша іс-шаралар кешенінің тиімді іске асырылуын бақылау қажет. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін кешенді қолдау, халықты қайта вакцинациялау жұмыстарын жүргізу керек. Мемлекеттік қолдау іс-шаралары аясында құрылатын жұмыс орындары бойынша күшейтілген мониторинг жүргізу және тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту, экспорттаушылардың сұраныстарына жедел ден қою, шикізаттық емес экспортты жан-жақты қолдау тиіс.

«Жоғарыда аталған іс-шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», - деді Әлібек Қуантыров.