Әлібек Қуантыров «Самұрық-Қазына» қорын қайта форматтау қалай іске асатынын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Самұрық-Қазына» қорын қайта форматтау қалай іске асатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «Нақты секторды дамыту» атты екінші бағыты бойынша 15 шара жоспарланған.

Жер қойнауын игеруге инвестиция тарту үшін заңнамаға рәсімдерді оңайлату бойынша тиісті өзгерістер енгізіледі.

Арнайы экономикалық аймақ қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар енгізіледі, оның ішінде инвестициялық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін енгізу жоспарлануда»,- деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол сәулет-құрылыс қызметін реформалау көзделгенін атап өтті.

«Сондай-ақ ескірген құрылыс стандарттары мен нормаларын өзектендіру мақсатында тұжырымдамалық жаңа құжат – Қала құрылысы кодексі қабылданады.

«Самұрық-Қазына» қорының қызметі стратегиялық маңызды секторлардағы компаниялар акцияларының мажоритарлық пакетіне ғана иелік ететін инвесторға қайта форматталады», - деді министр.


Фото: t.me/KZgovernment