Әлиев 2026 жылы Әзербайжанда ТМҰ елдерінің әскери жаттығуларын өткізуді ұсынды
АСТАНА.KAZINFORM - Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің XII саммитінде сөз сөйлеген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұйымға мүше елдер арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты, әсіресе қорғаныс пен қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға шақырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
- Қазіргі заманғы геосаяси сын-қатерлер мен қауіпсіздік қатерлері аясында, әсіресе халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарының бұзылуы жағдайында түркі мемлекеттерінің біртұтас күш орталығы ретінде әрекет етуі өте маңызды, - деді президент Ильхам Әлиев.
Ол қауіпсіздік тұрақты дамудың іргелі шарты екенін, халықаралық нормалар жиі бұзылып жатқан қазіргі кезеңде түркі елдерінің әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастығы ерекше маңызды екенін атап өтті.
- Елдеріміздің қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы кең ауқымды ынтымақтастығын ескере отырып, 2026 жылы Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің бірлескен әскери жаттығуларын өткізуді ұсынамын, - деді Ильхам Әлиев.
Мемлекет басшысы қазіргі заманда әскери күш – әр елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының ең маңызды факторы екеніне тоқталып, түркі мемлекеттерінің қорғаныс әлеуеті мен бірлігін нығайту бүкіл өңірдің бейбітшілігі, тұрақтылығы мен орнықты дамуы ісіне қызмет ететінін атап өтті.
Айта кетейік, Габалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 12-ші Саммиті аймақтық және халықаралық өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ саяси, экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін мүше мемлекеттердің басшылары мен бақылаушыларын жинады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Габалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 12-саммитінде сөз сөйлеп, біріктірілген аумақтық қауымдастықтар үшін Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынғаны туралы бұған дейін хабарланған болатын.