Әлихан Байменов: Тілдің иесі — Терминком емес, ұлт
АСТАНА. KAZINFORM — Тілдің иесі — Терминком емес, тілдің иесі — ұлт. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов айтты.
— Тілдің иесі ұлт екенін ұмытпауымыз керек. Тілдің иесі — Терминком емес, тілдің иесі — ұлт. Уақыт өткен сайын емле ережесі де қарапайымдалып және жетілдіріліп отыруы керек. Сонымен қатар сөздік қор да толықтырылып отыруы қажет… Ағылшынның тілдік қоры ХХ ғасырдың басында 500 мың болса, ХХІ ғасырда 1 миллионға жеткенін оқыдым. Біздің өмір салтымыз, қоршаған ортамыз, шаруашылығымыздың негізі сөздік қорға әсер етеді. Егер біз мың жыл бұрын жазылған Махмұд Қашқаридің сөздігін алсаңыз, одан кейін біз айырылған көптеген сөзді білесіз, — деді комитет төрағасы.
Ол Қашқаридың Асқар Егеубаев қазақиландырған сол нұсқасын қазір қайта басып шығару керектігін айтады.
— Кезінде сол кітаптан мың жыл бұрын бізде «париктің» қазақша баламасы болғанын көріп қалдым. Кейін қайта іздеп таба алмадым. Себебі әліппемен жазылмаған. Басқа қағидатпен сөздер бөлек-бөлек, кейде сөз тіркестері түрінде жазылған. Біз осындай бұрынғы қазынамыздан да айырылмауымыз, іске қосып, пайдалана білуіміз қажет, — деді Әлихан Байменов.
Бұған дейін заңгер Серік Ақылбай жаңа Конституция жобасы қазақ тілінде жатық жазылғанын атап өтті.