Әлихан Бөкейхан-160: Алаш ардақтысының мұрасы қаншалықты зерттеліп жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Биыл Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы. Алаш ардақтысының мұрасы қаншалықты зерттеліп жатыр? Оның «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген ұстанымын бүгінгі қоғам қалай түсінуі керек? Бұл және басқа да сауалдардың жауабын білу үшін алаштанушы ғалым, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Заңғар Кәрімханды әңгімеге тартып көрдік.
— Алаш көсемінің мұрасын зерттеуде соңғы жылдары қандай жаңа деректер табылды?
— Алаштану мен әлихантану — әлі толық игеріліп бітпеген, тереңіне бойлаған сайын жаңа қатпарлары ашылатын күрделі де қасиетті ғылыми кеңістік. Біз көбіне Әлихан Бөкейхан тұлғасының Алаш қозғалысындағы саяси қызметін айтамыз, бірақ 1922 жылдан кейінгі Мәскеудегі ғұмыры, туған жеріне аяқ баса алмай өткен жылдары, бақылау мен қысым жағдайындағы өмірі, түрмедегі тауқыметі — әлі де жүйелі, іргелі зерттеуді қажет ететінін түсінеміз. Десе де ұлт көшбасшысының әр күнін, әр хатын, әр мақаласын, әрбір ресми құжатын түгендеп, күндерегін жасап шығу — ғылым үшін баға жетпес олжа болар еді. Сонда ғана біз оның ішкі драмасын, азаматтық табандылығын, рухани қайсарлығын тереңірек түсінер едік. Әлихан Бөкейханның үнсіз қалған сәттерінің өзінде тарих сөйлеп тұр.
Сонымен қатар оның орыс, түрік және басқа да алыс-жақын елдердің саясаткерлерімен, зиялыларымен, тарихи тұлғаларымен байланысын жан-жақты ашу — бүгінгі әлихантанудың маңызды бағыты болуға тиіс. Бұл байланыстар арқылы біз Алаш идеясының тек ұлттық шеңберде ғана емес, халықаралық саяси ой кеңістігінде де орны бар екенін дәлелдей аламыз.
Алаш автономиясы жарияланбады деп, кейбір ғалымдардың Алаш Республикасының халықаралық деңгейде мойындату жолындағы қадамдарын жоққа шығарғысы келсе де, көп нәрсені тарихи архивтік құжаттар дәлелдеп келеді.
Мәселен, Райымжан Мәрсекұлының Жапония елшілерімен жүргізген келіссөздері немесе Мұстафа Шоқайдың Францияда эмиграцияда жүріп Еуропаның саяси элитасымен байланыс орнатуға ұмтылуы — кездейсоқ әрекеттер емес, саналы түрде құрылған сыртқы саяси бағдардың айғағы ретінде қарастырылуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар чех-словак корпусымен казактар арқылы байланыс орнатуы Алаш қайраткерлерінің ой-өрісінің кеңдігін, стратегиялық көзқарасының кемелдігін тереңдете түседі. Егер біз осы бағытта табанды ізденісті жалғастырып, шетел архивтерін де жүйелі түрде ақтарсақ, онда Алаш қозғалысының мақсаты тек автономия шеңберімен шектелмегенін айқын көрсете аламыз. Олар дербес мемлекет болуды көздеді, оны әлемдік геосаяси кеңістікте қарастырды, халықаралық қолдау тетіктерін іздеді. Осы ұлы мұраттың артында, сөз жоқ, Әлихан Бөкейханның кемеңгер саяси қолтаңбасы тұр. Ол сыртқы дипломатиялық бағытты да терең ойластырған тұлға болды.
— Қазақстан шекарасын бекіту ісіндегі Әлихан Бөкейханның нақты тарихи рөліне қатысты архивтік құжаттар не дейді?
— Қазақстан шекарасын бекіту мәселесіне қатысты архивтік құжаттар Әлихан Бөкейханның бұл үдерісте тек идеялық жетекші емес, нақты саяси ұстанымы бар стратег тұлға болғанын айқын көрсетеді деп есептеймін. Көсемнің жер мәселесіндегі осы маңызды ұстанымын әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы «Қазақ жерінің жоқшысы» атты еңбегінде жан-жақты әрі терең талдап көрсетеді.
Біріншіден, ХХ ғасырдың басындағы оның жер мәселесіне қатысты баяндамалары, мақалалары мен ресми жазбалары қазақ жерінің тұтастығын сақтауды басты ұлттық мүдде ретінде қарастырғанын дәлелдейді. Әлихан үшін автономия деген ұғым — ең алдымен жерге иелік ету құқығы еді. Ол қазақ даласының тарихи, этнографиялық және шаруашылық шекараларын ғылыми негізде дәлелдеп, картографиялық, статистикалық деректерге сүйеніп сөйледі.
Екіншіден, 1917-1920 жылдардағы саяси процестерге қатысты құжаттарда Алаш қайраткерлерінің территориялық тұтастық мәселесін батыл көтергені байқалады. Әлихан бастаған үркердей топ қазақ облыстарының бір автономиялық кеңістікке бірігуін талап етті. Бұл талап кейін советтік билік тұсында да шекара межелеу кезінде назардан тыс қалған жоқ. Қазақ автономиясын құру барысында жер мәселесіне қатысты талқылауларда бұрыннан қалыптасқан алаштық тұжырымдардың ықпалы айқын сезіледі.
Үшіншіден, архив деректері Әлиханның Ресейдің саяси элитасымен, түрлі комиссиялармен байланыста отырып, қазақ жерінің әкімшілік тұтастығын сақтауға күш салғанын көрсетеді. Оның ұстанымы — «жерсіз ұлт — ұлт емес» деген қағидатқа саяды. Профессор Тұрсын Жұртбай Алаш идеясын бес түрлі тұжырымға негіздеп саралаған кезде оның алғашқы өзегіне жер мәселесін қоюы Алаш қозғалысының табиғатын дәл танығаннан туған терең пайым деп білемін.
— Әлихан Бөкейхан — саясаткер ме, ғалым ба, әлде стратег пе? Оның қай қыры әлі толық ашылмай жатыр деп ойлайсыз?
— Әлихан Бөкейхан — бір ғана анықтамаға сыймайтын, көпқырлы тарихи феномен. Оны тек саясаткер деу аздық етеді, ғалым деу жеткіліксіз, стратег деу де толық сипаттай алмайды. Ол — осының барлығын бойына тоғыстырған синкретті тұлға.
Ал қай қыры әлі толық ашылған жоқ дегенге келсек, меніңше, оның халықаралық деңгейдегі саяси ойшыл ретіндегі бейнесі терең зерттеуді қажет етеді. Ресей саяси элитасымен, түркі-мұсылман қозғалысы жетекшілерімен байланысы, әлемдік геосаяси үдерістерді түсіну деңгейі — бұл бағытта әлі жүйелі салыстырмалы зерттеулер аз. Сондай-ақ оның жеке күнделікті өмірі, психологиялық болмысы, ішкі драмасы да толық ашылған жоқ.
— Алаш автономиясының аумақтық тұтастығын қорғаудағы Әлихан Бөкейханның құқықтық және экономикалық дәлелдері қаншалықты берік болды?
— Әлихан ең алдымен жер мәселесін тарихи құқық және этнографиялық принцип тұрғысынан негіздеді. Ол қазақ даласын зертетуге шыққан әр түрлі экспедицияларға қатыса жүріп, бай тәжірибе жинақтады да, қазақ халқы ғасырлар бойы қоныстанған аумақтардың тарихи заңдылығын алға тартты. Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты қазақ жерін әкімшілік жолмен бөлшектегенімен, этникалық-тарихи тұтастық сақталғанын дәлелдеуге тырысты.
Сонымен қатар ол Мемлекеттік Дума мінберінде де, түрлі комиссиялар алдында да қазақ жерін «артық жатқан бос кеңістік» ретінде қарастырудың заңсыз екенін айтты. Жердің иесі — сол жерде тарихи тұрғыдан өмір сүріп отырған халық екенін ғылыми негіздеді.
Әлихан Бөкейхан кәсіби экономист әрі статист болғандықтан, үнемі айтып жүргеніміздей, ол қазақ даласының шаруашылық құрылымын зерттеуде алдына жан салмады. Көшпелі мал шаруашылығының қажеттілігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, қазаққа «отырықшы, егінші өлшемімен» жер бөлу — экономикалық апатқа әкелетінін көрсетті.
Оның келтірген уәжі: қазақ шаруашылығы экстенсивті мал бағуға негізделгенін, бір түтінге қажет жер көлемі егін шаруашылығынан әлдеқайда ауқымды екенін, ең маңыздысы, қоныс аудару саясаты қазақтың табиғи-экономикалық тепе-теңдігін бұзатынын көрсету болды.
— Алаш көсемінің Ресей саяси элитасымен қарым-қатынасы қандай деңгейде еді?
— Ресей тарихшысы Виктор Козодойдың «Алихан Букейханов: человек-эпоха» атты кітабында Әлихан Бөкейхан тұлғасын тек қазақ тарихының аясында ғана емес, патшалық Ресей империясы және Советтік Ресей кезеңі контексінде талдайды. Өйткені Әлихан — тек қазақ халқының ұлттық қайраткері ғана емес, империялық және постимпериялық кеңістікте із қалдырған ірі саяси қайраткер.
Ол Санкт-Петербург императорлық университеті қабырғасында білім алып, орыс зиялыларының ортасына еркін енді. Империя аристократтарымен, ғылыми элитасымен танысып, пікірлесті. Кейін Ресей ғалымдарының экспедицияларына қатысып, қазақ даласының географиясын, экономикасын, этнографиясын зерттеуге белсене араласты.
Ресейдің жоғары саяси-мәдени ортасымен байланысы да айрықша еді. Ол князь Шаховский, Скалозуб, Седельников, Григорий Потанин секілді тұлғалармен араласып, пікірлес болды. Мұндай қарым-қатынастар оның ой-өрісін кеңейтіп қана қойған жоқ, қазақ мәселесін империялық деңгейде көтеруіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Әлихан Бөкейханды тек ресейлік контекспен шектеу жеткіліксіз. Ол — тұтас түркі әлемінің де қайраткері болуға лайық тұлға. Қазақ пен қырғыз енші бөліспеген кезеңде екі жұртқа ортақ көсем дәрежесінде танылды. Татар, башқұрт зиялыларымен тығыз байланыста болып, ұлт бостандығы жолында бірлесе қимылдады. Ал алыстағы Түркияға қазақ үнін жеткізуде Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» еңбегі арқылы рухани серпіліс туғызғаны — Алаш идеясының шекарадан асқанын көрсетеді.
— Әлихан Бөкейханды «Ұлт көсемі» деңгейіне көтерген қандай қасиеттер?
— Әлихан Бөкейхан 1905 жылғы Қарқаралы петициясы тұсында-ақ «Дала қазақтарының саяси және діни көсемі» ретінде танылды десек, артық айтқанымыз емес. Бұл кезеңде Шыңғыс ұрпақтарының саяси ықпалы әлсірегенімен, ел санасында «төре тұқымы» деген түсінік әлі де салмақты еді. Сондықтан да жұрт Әлиханды тек оқыған, білімді зиялы ретінде емес, хандық дәуірдің жауапкершілігін арқалаған тұлғадай қабылдады. Оның «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген серті өмірлік мұратқа айналды. Ол осы серттің үдесінен шықты, сөзінде тұрды, тағдыр талқысында таймады.
Бір ғана Семейге келген сәтін еске алсақ та жеткілікті. Бұл көрініс сол дәуірдегі қазақ халқының ұлт тұлғасына деген ықыласын айқын көрсетеді. Алаштың ардақты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жазбаларында халықтың сағынған арысын асыға күтіп, оның сөзін тыңдауға дүйім жұрт болып жиналғанын тебірене суреттейді. Әлихан Бөкейхан қазақ жерінің әр пұшпағын, табиғи байлығын, шаруашылық мүмкіндігін ғылыми негіздеп, экономикалық тұрғыдан талдап берген санаулы тұлғалардың бірі болды. Ол әр өңірдің ерекшелігін, жердің асты-үстіндегі қазынаны бес саусағындай білді. Сондықтан халық оны жай саясаткер емес, дәуірдің дара басшысы, ұлт тағдырына жауапты кемел тұлға ретінде таныды деп есептеймін.
— «Ұлтқа қызмет ету — мінезден» деген ұстанымын бүгінгі қоғам қалай түсінуі керек?
— Әлихан Бөкейхан заманында ел ішіндегі пікірталастар да, көзқарас қайшылықтары да аз болмаған. Солардың бірі — Досмайыл қажыға қатысты оқиға. Ел ішінде ықпалды адам ретінде танылған бұл қажының кейбір теріс, қисық сөздеріне қарсы жазған ашық хатында Әлихан «Ұлтына, жұртына қызмет қылу — білімнен емес, мінезден» деген әйгілі сөзін айтады. Әрине, Әлихан үшін ұлтқа қызмет ету міндетті түрде мемлекеттік қызметте болу деген сөз емес еді. Оның айтып отрығаны — мінездің, ішкі тәртіптің, ар-ожданның мәселесі. Яғни адам қай салада жүрсе де — ғылымда, білімде, кәсіпте, мәдениетте — адалдықпен, сапамен, жауапкершілікпен еңбек етсе, бұл да ұлтқа қызмет.
Алаш көсемі үшін ұлтшылдық — құр айқай, эмоция емес, білім мен кәсібилікке негізделген іс. Ол өзі ғылыми дәлелдермен қазақ жерінің тұтастығын қорғап сөйледі, автономия мәселесінде құқықтық аргумент ұсынып, бүгінгі тәуелсіздігіміздің берік іргесін қалады. Демек, ұлтқа қызмет ету — ең алдымен өз ісіңді жетік білу.
Мінез ұғымы, ұлт көсемінің ойынша, табандылық пен ұстанымда жатыр. Ол сөйтіп принциптен таймауды, жеке бас пайдасынан ұлттық мүддені жоғары қоюды түсінді және түсіндірді. Қазіргі қоғамда бұл ұстаным әсіресе маңызды. Өйткені ақпарат тасқыны, әлеуметтік желі дауы, популизм көбейген заманда әлихандық мінез айнымас адалдық пен тапжылмас тұрақтылықтың тірегіне айналып отыр.