Әлихан Бөкейханның бұрын жарияланбаған жаңа фотосы табылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталып келген Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің ісінен Алаш партиясының көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның жаңа фотосуреті табылды, деп жазады qazaquni.kz ұлттық порталы.

Фотосуретті «Омбы экспедициясы» деген атпен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген Қазақстан ғалымдары тапқан. Аталған экспедиция өлкентану мұражайымен қатар, Омбы қаласындағы облыстық мемлекеттік мұрағат, А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана, облыстық өнертану мұражайы сынды мекемелерде ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізген.

Экспедиция жұмысына тарих ғылымдарының докторы, «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Сұлушаш Құрманова және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ғылыми қызметкері Еркін Рахметуллин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтан Хан Аққұлы атсалысқан. Ғылыми ізденіске «Ақ жол» демократиялық партиясы қаржылай қолдау көрсеткен.

«Архивтегі сурет сақталған істе «Павлодарская тюрьма, 1908 год» деген жазу болған. Суретке қазақ көсемі - орыс шаруаларының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңге тән киетін жейдесін, оның үстінен жеңіл қазақы шапан, басына орыс шляпасын киіп түскен», - деп жазады мақала авторы «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтан Хан Аққұлы.

Мақаланың толық нұсқасын мына жерден оқи аласыз