Әлихан Смайылов: «Бәйтерек» холдингі ескі қарыздарын жаңа қарызбен жауып отыр

Фото: Фото: Дияр Бексұлтанов

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында «Бәйтерек» холдингінің қарыздарды басқару саясатындағы жүйелі проблемаларды атады.

- Биыл біз «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінде аудиторлық іс-шара жүргіздік. Бұл жердегі жүйелік проблемаларды анықтадық. Мысалы, қарызға алынған қаражатты басқару мәселесі бар. Қазір «Бәйтерек» холдингінің шоғырландырылған борышының көлемі 8 трлн теңгеден асып отыр. Жаңадан қарызға алынған қаражаттың бір бөлігі инвестициялық жобаларға жіберудің орнына ішкі проблемаларды шешу мен бұрын алынған қарыздарды жабуға бағытталып отыр, - деді ол.

Палата басшысы «Даму» қорының басшылығы мемлекет кепілдігімен қарыз алу мәселесіне тым немқұрайды қарайтынын айтады.

- «Даму» қоры экономиканы әртараптандыру үшін «Азия» даму банкінен мемлекеттік кепілдікпен қомақты ақшаны қарызға алады. Ол қаражатты екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жіберу керек болған. Бірақ бизнес тарапынан тиісті ұсынымдардың жетіспеуіне байланысты 11 млрд теңге «Даму» қорына қайтарылған. Сонда бұл қарыз не үшін алынды деген сұрақ туындайды, - деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттер нәтижесінде 2024 жылы 135 млрд теңге бюджетке қайтарылғанын жазған едік.