Үкіметі басшысының айтуынша, елдер арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі - транзиттік және көліктік инфрақұрылымды дамыту.
«ЕАЭО Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің тоғысқан жерінде орналасқан, бұл әрқашан біздің өңірдің бәсекелестік артықшылығы болып табылады. Қазақстан транзиттік және көліктік инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән береді. Соңғы 15 жылда еліміз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаржы бөлді», - деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, Ляньюньгандағы логистикалық орталық, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік тас жолы, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі, «Құрық» және «Ақтау» теңіз порттарын жаңғырту сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Сондай-ақ «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерінің құрылысы басталып, Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол төселуде.
Сонымен қатар, Қытайдың Сиань құрғақ портында қазақстандық терминалдың құрылысы басталды. Ресей, Түрікменстан, Үндістан және Иран тараптарымен бірлесіп, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытын синхронды дамыту бойынша жұмыстар жүргізуде.
«Біз елдеріміздің халықаралық дәліздерінің, логистикалық терминалдары мен пункттерінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру маңызды деп санаймыз. Мен ЕАЭО-ның барлық елдерін транзиттік-көліктік инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын», – деді Әлихан Смайылов.