«Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны 14%-ға, ал қаза тапқандар саны 10%-ға өскен. Абай, Алматы, Жамбыл және Ұлытау облыстарында өрт оқиғалары өсіп отыр. Сонымен қатар, газ баллондарының жарылуы да жиілеп кетті. Биыл осындай 72 оқыс жағдай орын алды. Одан 119 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапты. Жарылыстардың негізгі себебі – газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау. Осыған байланысты мына мәселелерді атап өткім келеді: қазіргі уақытта газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау функциясы әкімдіктерге жүктелген. Өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылған. Алайда, олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр», - деп ведомствоның жұмысын сынға алды Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің сөзінше, инспекцияларда білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді.
«Осыған байланысты өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау академиясының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек. Сондай-ақ, жарамсыз газ баллондарын алып қою және утилизациялау тәртібі реттелмеген. Оларды өзімізде өндіру мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Осыған байланысты, Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері аталған проблемаларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет», - деп тапсырма жүктеді Үкімет басшысы.
Бұған қоса Әлихан Смайылов газ толтыру орындарында баллондардың сапасын бақылау, жарамдылық мерзімін тексеру бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.
«Жүргізілген талдау нәтижесі өрт оқиғаларының көбіне жеке тұрғын үйлер мен қора-жайларда болатынын көрсетіп отыр. Онда негізінен егде жастағы адамдар мен балалар қаза табады. Абай, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының әкімдіктері үйлерде газ датчиктерін орнату жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбей отыр. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге үйлерді есепке алу, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алып, арнайы датчиктер орнатуы қажет», - деді Премьер-Министр.
Қоса кетсек, жыл басынан бері тұрғын үй секторында болған өрттерден 203 адам қаза тапқан.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе қаласы Береке тұрғын алабы, Батыс-2 шағын ауданы маңында газ тарату стансасынан ақау шығып, екі шағын ауданды иіс жайлап кетті.