Әлихан Смайылов Қашағандағы экологиялық дау-дамайға түсінік берді

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қашаған кен орнының инвесторы және Қазақстан арасындағы экологиялық дау-дамайқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: kmg.kz

«Қашағандағы экологиялық дау, кен орнындағы мәселе күкірттің көп көлемде болуына байланысты. Біз кез келген сценарийге дайынбыз, бірақ мәселені бейбіт жолмен шешу керек. Бұл ретте инвестициялық тұрғыдан климатты әлі де қолдау керек. NCOC компаниясы да аталған мәселені бейбіт жолмен шешуге қарсы емес. Қазір біз келіссөздер процесінде тұрмыз. Жақын арада мерзімдер бойынша келісеміз деп ойлаймын», - деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Премьер-Министрдің айтуынша, ендігі міндет – кен орнындағы күкіртті экспорттау.

«Коммерциялық дауларға келер болсақ, жоба бойынша тараптар арасында даулар болуы мүмкін, бұл қалыпты тәжірибе. Сондықтан жағдайды ушықтырудың және саясиландырудың қажеті жоқ. Біз Қазақстанның мүддесін қорғайтын боламыз», - дейді ол.

Еске салайық, бұған Қашаған дауына қатысты Қазақстан үкіметі мұнай алпауыттарымен неге соттасып жатқаны туралы хабарлаған едік.

Қашаған мұнай кен орнының операторы North Caspian Operating Company компаниясы күкірт сақтауға қатысты тексеру бойынша бірқатар мәселе барын мәлім етті.