Әлихан Смайылов қайырымдылық қорларды тексеру туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мемлекет құрған немесе мемлекеттің қатысуымен немесе мемлекеттің белгілі бір функциялары берілген қорларға аудит жүргізу ұсынылды. Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
«Жоғары аудиторлық палатаның қайырымдылық қорларын тексеруге құзыреті жоқ. Жоғары аудиторлық палата мемлекет жұмсаған бюджет қаражатын, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда бар активтерді пайдалануға сыртқы аудит жүргізеді. Сонымен қатар, Мәжіліс қарастырып жатқан жаңа Бюджет кодексі шеңберінде Жоғары аудиторлық палатаға мемлекет қатысуымен құрылған бюджеттік емес қорларға аудит жүргізу құзіреті туралы норма енгізуді ұсындық. Яғни, мемлекет құрған немесе мемлекеттің қатысуымен немесе мемлекеттің белгілі бір функциялары берілген қорлар. Сол кезде бізде осындай бюджеттік емес қорларды тексеру мүмкіндігі болады», - деді Ә. Смайылов Сенат кулуарында.
«Қазақстан халқына» қоры бюджеттік ақшаға құрылған жоқ. Әзірге бізде мұндай бюджеттік емес қорларды тексеруге құзырет жоқ. «Тексеру құзыреті болмаса да, олардың ақшасын әділ жұмсауына ықпал ете аласыз ба?», - деп сұрақ қойды тілшілер.
«Менің ойымша, олар қоғамдық ұйым ретінде тәуелсіз аудиторлық компанияларды тартуы керек, қайырымдылық жасайтын адамдар бұл ақшаның қалай пайдаланылғаны туралы ақпарат беруі керек. Сондықтан мұны қайырымдылық қорларын ұйымдастырушылардың жауапкершілігі деп санаймын», - деді Ә. Смайылов.
Бұған дейін қайырымдылық қорларының құрылуы мен қызметі қалай реттелетінін хабарлаған едік.