Әлихан Смайылов Ташкентте Шавкат Мирзиёевпен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммитіне қатысу үшін Өзбекстанға келді. Бұл туралы Kazinform primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Әлихан Смайылов Ташкенттегі іс-шара қарсаңында сол елдің Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.

Премьер-Министр ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі екенін баса айтты. Әлихан Смайылов атап өткендей, жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықты іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің бақылауында болады. Мұндағы басым бағыттардың бірі – екіжақты өзара іс-әрекеттердің берік әрі тұрақты экономикалық тұғырнамасын құру. 

Фото: primeminister.kz

«Өзбекстан – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың шамамен 70%-ы біздің елдерге тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 30%-ға артып, алғаш рет $5 млрд-қа жетті. Біз өзара сауданы $10 млрд-қа жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді Премьер-Министр. 

Фото: primeminister.kz

Ол Қазақстан Үкіметі екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Өзбекстанмен ынтымақтастықты серпінді дамытуға бар күш-жігерін салатынын айтты. 

Фото: primeminister.kz

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық, атап айтқанда сауда, көлік және су шаруашылығы саласындағы уағдаластықтар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

«Біз барлық мәселеде алға жылжып келеміз. Меніңше, шешілмеген мәселе жоқ. Сауда саласында Қазақстан Президентімен келіскен жобалар бізге жаңа белестерге жетуге көмектеседі», — деді Өзбекстан Президенті.