Әлихан Смайылов жұмыс күші тапшы салаларды атады

Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов елдегі жұмыс күші тапшы салаларды атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Kazinform

«Алдымызда биыл 1 миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Қазіргі таңда 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың жартысы – жастар. Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуы тиіс. Әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген», - деді Үкімет басшысы.

Айтуынша, өңірлердің халықты жұмыспен қамту бағытындағы жоспары мемлекеттік қолдау шараларымен толық қамтылған.

«Әкімдіктер жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аудару керек. Мысалы, бүгінгі күні энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT-саласының мамандары қажет. Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері мемлекеттік білім беру гранттарының тізбесін қалыптастыру кезінде осыны ескеруі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.