Әлихан Смайылов әлеуметтік шығындар көлемін айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2020 жылы әлеуметтік салаға қанша қаражат бөлінетіні туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылға арналған әлеуметтік сала шығыстары 303 млрд теңгелік өсіммен 5 трлн 692 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жыл сайынғы индекстеуге, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны ұлғаюына байланысты қосымша 304 млрд теңге көзделген. 2020 жылдан бастап Президенттің педагогтардың мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша үш жылға 1,2 трлн теңге шығыстарымен іс-шаралар жоспарланды. Оның 749 млрд теңгесі жергілікті бюджеттердің базасына беріледі», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, бұдан басқа, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толық көшу жүзеге асырылатын болады.

«Осыған байланысты, аталған бағыт бойынша шығыстар 217 млрд теңгеге ұлғайтылды. Жалпы алғанда, шығыстар құрылымында әлеуметтік саланың шығыстары 44,7 пайызды құрайды. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 47,6 пайызға дейін өседі», - деді ол.