Әлихан Смайылов бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жұмыстары қалай жүретінін айтты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 5 жылда 118 трлн теңгеге инвестиция тартылады. Бұл туралы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қойған және іске асырылуы тиіс бюджет шығыстарының ұлғайтуды талап ететін міндеттерді ескере отырып, Үкімет республикалық бюджеттің теңгерімді болуын қалай қамтамасыз етеді», - деп сұрады депутат Марат Құсайынов.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов өткен жылы Ұлттық қор қауіпсіздік қорғанысы ретінде жұмыс істегенін, бұл өз кезегінде әлеуметтік әрі эпидемиологиялық іс-шараларды іске асыруға, экономиканы, халықты, кәсіпкерлерді қолдауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Биыл экономиканы қолдау үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туындауы мүмкін. Себебі коронавирусқа байланысты шектеу қадамдары жалғасып келеді. Сонымен бірге Үкіметтің алдында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру міндеті тұр. Ол үшін қосымша қаржыландыру керек. Алдымыздағы бес жылдың ішінде бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 трлн теңге қажет. Бұл тұрғыда бюжеттің кіріс бөлігін ұлғайту жұмыстары жүргізіледі. Негізінен салық, кедендік әкімшілендіруді ары қарай цифландыру жұмыстары, сондай-ақ «көлеңкелі» экономиканы қысқарту бойынша арнайы кешенді жоспарды іске асыру есебінен болады», - деп түсіндірді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар ол бюджет шығыстарын оңтайландыру жалғасатынын айтты.

«Соңғы екі жылда 3,5 трлн теңгеге бюджет шығыстарын оңтайландырдық. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Арнайы әдіснама әзірленді, ақпараттық жүйе Қаржы министрлігінде даярланды. Мұнымен қоса, Үкімет инвестиция тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдымыздағы 5 жылда 118 трлн теңгеге инвестиция тартылады», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.